ПРИОЗЕРСК ҚАЛАСЫ ӘКІМ АППАРАТЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Жеке кәсіпкерлік деген не

Жеке кәсіпкерлік деген не, ЖК субъектісі кімдер және жеке кәсіпкерліктің қызмет ету талаптары қандай, әрі қарай оқыңыз. 
Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың таза кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке тұлғалар атынан, олардың тәуекел етуімен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын дербес, бастамашыл қызметi дара кәсіпкерлік болып табылады.
Өзге жеке тұлғаларға дара кәсіпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынады.
Дара кәсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады.
Өзіндік кәсіпкерлік
Өзiндiк кәсiпкерлiктi бiр жеке тұлға өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi пайдалануға және (немесе) оған иелiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.
Некеде тұратын жеке тұлғаның өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыруы үшін жұбайының келісімі талап етілмейді.
Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында не ерлi-зайыптылардың арасындағы өзге де келiсiмде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының нотариат куәландырған келiсiмi қажет.
Өзiндiк кәсiпкерлiк фермер қожалығы нысаны пайдаланыла отырып, жүзеге асырылуы мүмкін.
Бірлескен кәсіпкерлік
Бiрлескен кәсiпкерлiктi жеке тұлғалар (дара кәсiпкерлер) тобы өздерiне ортақ меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негізінде, сондай-ақ мүлiктi бiрлесiп пайдалануға және (немесе) оған иелiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.
Бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде жеке кәсiпкерлiкке байланысты барлық мәмiлелер бiрлескен кәсiпкерлiктiң барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен мiндеттер олардың атынан иеленеді және жүзеге асырылады.
Бiрлескен кәсiпкерлiктiң нысандары:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiгi негiзiнде жүзеге асырылатын ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгi;
2) шаруа қожалығының ортақ бiрлескен меншiгi немесе жекешелендiрiлген тұрғынжайға ортақ бiрлескен меншiк негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кәсiпкерлiк;
3) жеке кәсiпкерлiк ортақ үлестiк меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын жай серiктестiк;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де нысандар болып табылады.
Ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгi жүзеге асырылған кезде ерлі-зайыптылардың бiрi жұбайының келiсiмiмен iскерлiк айналымда ерлi-зайыптылар атынан әрекет етедi, бұл дара кәсiпкердi тiркеу кезiнде расталуы немесе дара кәсiпкердiң қызметi мемлекеттiк тiркеусiз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша көрсетiлуі және нотариат куәландыруы мүмкiн.
Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң iскерлiк айналымда ерлi-зайыптылар атынан әрекет етуiне жұбайының келiсiмi болмаған кезде, iскерлiк айналымда әрекет ететiн жұбайы дара кәсiпкерлiктi өзiндiк кәсiпкерлiк түрінде жүзеге асырады деп көзделедi.
Жай серiктестiк нысаны пайдаланылатын дара кәсiпкерлiк Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Дара кәсіпкер өз атынан кәсіпкерлік қызметпен айналысады, құқықтар мен міндеттерді иеленеді және жүзеге асырады.
Азамат, оралман кәсіпкерлік қызметіне байланысты мәмілелерді жасаған кезде өзінің дара кәсіпкер ретінде әрекет ететінін көрсетуге тиіс.
Мұндай көрсетудің болмауы дара кәсіпкерді өз міндеттемелері бойынша дара кәсіпкер мойнына алатын тәуекел мен жауапкершіліктен босатпайды.
Өз қызметін жүзеге асырған кезде дара кәсіпкер мәтіндері осы адам дара кәсіпкер болып табылатындығын барынша айқын куәландыруға тиіс іскерлік құжаттаманың дербес бланкілерін, мөрді, мөртабандарды пайдалануға құқылы.
Дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу
Жеке кәсiпкерлiктi заңды тұлға құрмай жүзеге асыратын жеке тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу кезiнде мәлiмделген орналасқан жерi бойынша мемлекеттік кіріс органында дара кәсiпкер ретiнде есепке қоюды білдіреді.
Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге мынадай шарттардың бiреуiне сай келетiн:
1) жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатын;
2) жеке кәсiпкерлiктен Қазақстан Республикасының заңдарында жеке тұлғалар үшiн белгiленген жылдық жиынтық кірістің салық салынбайтын мөлшерiнен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық жиынтық кірісі бар дара кәсiпкерлер жатады.
Жұмыскерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай кірістер:
1) салық салынатын төлем көзінен;
2) мүліктік кіріс;
3) өзге де кірістер алған кезде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.
Дара кәсіпкерлерді мемлекеттiк тiркеу тәртібі
Дара кәсіпкер (бірлескен дара кәсіпкерлік) ретінде мемлекеттік тіркеу үшін жеке тұлға (бірлескен дара кәсіпкерліктің уәкілетті адамы) тікелей мемлекеттік кірістер органына немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы рұқсаттар мен хабарламалар саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша хабарлама жібереді.
Бірлескен дара кәсіпкерлікті тіркеген жағдайда, бірлескен дара кәсіпкерліктің уәкілетті адамы бірлескен кәсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан қол қойылған сенімхатты ұсынады.
Егер өтiнiш берушi кәмелет жасына толмаған жағдайда, хабарламаға заңды өкілдердің келiсiмi, ал мұндай келiсім болмаған кезде – неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің көшірмесі не қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімі немесе кәмелет жасына толмаған адамды толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялау туралы сот шешiмi қоса берiледi.
Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген адамдар хабарлама беруге құқылы емес.
Көрсетілген құжаттарды ұсынған күннен бастап мемлекеттік кіріс органы бір жұмыс күні ішінде дара кәсіпкерді (бірлескен дара кәсіпкерлікті) мемлекеттік тіркеуді жүргізеді.
Хабарламада көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсiпкер (бiрлескен дара кәсiпкерлiктiң уәкiлеттi адамы) мұндай өзгерiстер туралы мемлекеттік кірістер органына осы орган белгiлеген нысан бойынша хабарлауға мiндеттi.
Хабарлама "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы электрондық нысанда не өзі келіп ұсыну тәртібімен қағаз жеткізгіште ұсынылады.
Дара кәсiпкердің қызметiн тоқтату
Дара кәсiпкердiң қызметi келесі жағдайдаларда тоқтатылуы мүмкiн.
-ерiктi түрде
- мәжбүрлеу тәртiбiмен,
- сондай-ақ кәсіпкерлік Кодексте көзделген мән-жайлар бойынша
Дара кәсiпкердiң қызметi өзiндiк кәсiпкерлiк кезiнде – дара кәсiпкер дербес, бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде – барлық қатысушылар бiрлесiп қабылдаған шешiм негiзiнде кез келген уақытта ерiктi түрде тоқтатылады. Бұл жағдайда дара кәсіпкер мемлекеттік кіріс органына кәсіпкерлік қызметті тоқтату туралы өтініш береді.
Жеке кәсiпкердiң қызметi:
1) ол банкрот деп танылған;
2) тiркеу кезiнде жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар жiберiлуіне байланысты дара кәсiпкердi тiркеу жарамсыз деп танылған;
3) қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасын күнтiзбелiк жыл iшiнде бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;
4) ол қайтыс болды деп жарияланған;
5) ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген;
6) ол хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.
Жоғарыда көзделген негiздерден басқа, дара кәсiпкердiң қызметi мынадай:
1) өзiндiк кәсiпкерлiк – дара кәсiпкер әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған немесе ол қайтыс болған;
2) отбасылық кәсiпкерлiк және жай серiктестiк – егер осы тармақтың 1) тармақшасында тізбеленген мән-жайлардың болу салдарынан бiрлескен кәсiпкерлiк қатысушысының бiреуi қалған немесе бiр де бiрi қалмаған жағдайда, сондай-ақ некенi бұзуға байланысты мүлiктi бөлу кезiнде;
3) қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату көзделетін, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген жағдайларда да тоқтатылады.
Дара кәсiпкердiң банкроттығы
Дара кәсiпкердiң банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Дара кәсiпкерлер өз мiндеттемелерi бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндiрiп алу қолданылмайтын мүлiктi қоспағанда, өздерiнiң барлық мүлкiмен жауапты болады.
Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндiрiп алу қолданылмайтын мүлiктi қоспағанда, өзiнің барлық мүлкiмен, оның iшiнде ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгiндегi үлесiмен жауапты болады.


 


 


Дата редактирования: 21 Сәуір 2017

Жіберу

Ауа райы

Валют курстары

Дауыс бер

Приозерск қаласы әкім аппаратының жаңалықтар сілтемесіне жазылу
ясно, атмосферное давление в пределах нормы, тихий ветер (1 м/с) дующий с юго-юго-запада. Приозер қ. сегодня в 18:00 ожидается +20°C, жауын-шашынсыз, слабый ветер.
Все курсы указанны в Казахской тенге
Доллар 448.52
Евро 490.32
Рубль 5.69
Қаланың қай мәселесі сізді толғандырады
Дауыс бер
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner
  • Banner Banner

Қала жаңалықтарыRSS

Облыстың жаңалықтарыRSS

Banner
© 2012 «Приозерск қаласы әкімі аппаратының ақпараттық порталы» ММ При использование материалов просим указывать источник
© 2012 Зерттеме және сүйеніш: Интернет-компания «Creatida»
Яндекс.Метрика